УДК 37

«АЗАТТЫҚ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ЖЫРАУЛАР ТІЛІНДЕГІ КӨРІНІСІ

Ныязбекова Күләнда Сәрсенқұлқызы1, Ахметова Makpal Mukhtarovna2
1Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет, п.ғ.к., педагогикалық университетінің доценті
2Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет, 2-курс магистранты

Аннотация
Мақалада ақын-жыраулардың поэзиясындағы «азаттық» концептісінің мазмұны әр қырынан қарастырылған. Қазіргі кезде тіл біліміндегі зерттеулердің көбі негізгі категория ретінде концепт ұғымын алуда. Қазақ халқының ұлттың рухы, азаматтығы, таным үрдісі мен рухани құндылықтарды қабылдау, зерделеу, тұжырымдау өрісі ақын-жыраулар поэзиясында кең көрініс тапқан. Мақаладағы зерттеліп отырған жыраулар тіліндегі азаттық концептісі тұтастай бір елдің, этностың немесе ұлттың тағдырымен, тікелей басқа елге немесе ұлтқа тәуелділіктен, бұғаудан азат болумен, тәуелділіктің тәуелсіздіктен басым болған кездерімен байланысты.

СONCEPT REPRESENTATION «FREEDOM» IN IMPROVIZIATOR

Nyyazbekova Kulanda Sarsenkulovna1, Akhmetova Makpal Mukhtarovna2
1Kazakh National Pedagogical University named after Abay, Candidate of Pedagogical sciences, associate professor
2Kazakh National Pedagogical University named after Abay, Magistral student

Abstract
In article the concept "freedom" in language of poets-improviziatorov is considered; The concept is the term of cognitive linguistics. From the point of view of cognitive linguistics is a certain separate sense, the certain idea available for us in consciousness and existing as operational unit in thought processes.
In modern ethnolinguistic researches there is a tendency to consider language units and as result of communication between the author and the recipient, and as a result of their life in a special cover of stratifications of national and cultural specifics. Therefore extraction of value of language units assumes perception of some nonlinear structures representing system of esthetic categories and estimates, including an image of axiological value of the text.

Keywords: cognitive and conceptual, cognitive linguistics, in poetry of poets-improviziatorov, motivational aspects, political freedom


Рубрика: Педагогика

Библиографическая ссылка на статью:
Ныязбекова К.С., Ахметова M.M. «Азаттық» концептісінің жыраулар тіліндегі көрінісі // Гуманитарные научные исследования. 2013. № 5 [Электронный ресурс]. URL: http://human.snauka.ru/2013/05/3251 (дата обращения: 29.09.2017).

Қазіргі кездегі лингвистикалық зерттеулер этносты, ұлт мәдениетін, рухын тіл арқылы анықтауды негізгі қағида етеді. Концепт ұғымына қатысты мәселелерді шетелдік Шенк, Чейф, Рассел, Карнап, Э.Сепир, Э.Рош, Р.И.Павиленис, Ю.С.Степанов, В.А.Маслова, В.З.Демьянков, Е.С.Кубрякова, С.Г.Воркачев, А.П.Бабушкин, В.И.Карасик, З.Д.Попова, И.А.Стернин сияқты ғалымдар қарастырса, Қазақстандық ғалымдардан Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, А.Ислам, Н.Аитова, Ж.Жампейісова, Э.Оразалиева, Г.Мұратова, Б.Тілеубердиев т.б. ғалымдар өз еңбектерінде жан-жақты қарастырады. Осыған орай соңғы кездері қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы концепт табиғатын нақты дәйектер негізінде ашуға бағытталған еңбектердің едәуір көбейіп келе жатқанын байқаймыз.

«Концепт» латын тілінде де бірнеше мағынаға ие: «сonceptio»

1) жиынтық, жүйе, байланыс, қойма, заң актілерін тұжырымдау;

2) ұрық қабылдау;

3) сөйлем және с.с., т.б. мәнге негізделген [1].

«Концепт – адам санасының ойлау бірліктері мен психикалық ресурстарын, білім мен тәжірибенің бейнелі көрсеткіштерін құрайтын, хабарлы құрылымдарды түсіндіруге мүмкіндік беретін когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі» [2, 267].

Сонымен, ғалымдардың зерттеулерінде бақ, тағдыр, өмір, өлім, жан, қайгы, мұң, тары, батырлық, қанармандық, соғыс, түр-түс, сұлулық, әсемдік, т.б. концептілердің мазмұны көрсетіліп, олар әр қырынан қарастырылған.             Қазақ халқының ұлттың рухы, азаматтығы, таным үрдісі мен рухани құндылықтарды қабылдау, зерделеу, тұжырымдау өрісі ақын-жыраулар поэзиясында кең көрініс тапқан. Мұндай таным халық ақындарының ойлау, пайымдау, болашақты болжау, қаһармандық, ерлік қасиетімен бірге тілдік ерекшелігінен де аңғарылады. Осы орайда ұлттық таным-түсініктерді ақын-жыраулар тілі негізінде анықтау, жыраулар поэзиясы арқылы концептінің табиғатын ашу этнос санасындағы даралықты тілдік деректер негізінде танып түсінуге ықпал етеді. Ақын-жыраулар поэзиясында зерделенетін тілдік-философиялық тұжырымдар мол. Солардың арасында ерекше орын алған мәселе – «Азаттық» туралы ойлар мен толғаныстар. Азаттық, елдік, ерлік ұғымдарының концептілік аясын ғылыми тұрғыдан жүйелей отырып, олардың лингвомәдени, когнитивтік-концептуалдық, уәждік аспектілерін тіл заңдылықтары негізінде саралау қазіргі өзекті мэселелердің қатарына жатады және ұлтты терең танып-білуге көмектеседі. Осы орайда азаттыққа қатысты лингво-мәдени-танымдық бірліктерді ақиқат дүниенің тілдік және концептуалдық фрагменттері ретінде қарастырудың маңызы зор. Тілдік контекстегі ғалам, қоғам бейнесі, соның ең маңызды көрінісі «Азаттық» концептісі ұлы ойшылдар мен жазушыларды, ақындар мен жырауларды ерекше толғандырған мәселе. Бүгінде азаттық  концептісі әділет пен демократия сынды ұғымдармен бірге саяси сахнада қарасырылатын ең маңызды ұғым болып табылады. Азаттық – еркіндіктің бүкіл қырларын түгел қамтитын терең ұғым. Азаттық (парсыша «азад» – ерікті, еркін) – қазақ ұғымында саяси еркіндік, тәуелсіздік (әлеуметтік бас бостандығы немесе тәуелділіктен құтылу) [3]. Саяси еркіндікті білдіретін азаттық ұғымы – азаматтардың өз саяси мақсат-мүдделеріне сәйкес әрекет етіп, әлеуметтік-саяси және мемлекет әртүрлі мәселелер жөніндегі өз көзқарастарын білдіруге, өз ұстанымдарын қорғауға; саяси оқиғаларға, барлық үлкенді-кішілі үкімет органдарының саяси қызметіне баға беруге; мемлекет және жергілікті өкілетті органдарға сайлауға және сайлануға ерікті болуға кепілдік беретін шарттармен белгіленген заңды құқығын танытады. Саяси еркіндік 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей Декларацияда неғұрлым толық сипатталды. Саяси еркіндік концепциясы негізінен жеке тұлғаға мемлекет, қоғам тарапынан болатын мәжбүр етушіліктің әр түрлі формаларын болдырмау, олардың алдын-алу немесе жұмсарту мақсатында туындаған.

«Азаттық» ұғымы XVIII-XX ғғ. Батыс ойшылдары тарапынан  теорияландыруға ұшыраған. Дәл осы теорияландыру, бастауы Ұлы Франция революциясы болған әлеуметтік революцияларға алып келді. Батыстық саяси жүйелер осы теорияларға негізделіп пайда болған және адам құқығы декларациясы да осы теориялары негізінде жазылған болатын. Қысқа уақыт ішінде осы теориялар Еуропа континентінің шекарасынан шығып, басқа мемлекеттер үшін үлгіге айналды. Азия, Африка және Латын Америкасы  мемлекеттерінің көптеген ойшылдары Батыстың «азаттық» ұғымына берген анықтамасына еліктеп кетті. Бірақ олардың батыстық азаттық ұғымынан алып өз елдеріне берген нәрсесі – ахлақи  құндылықтарды аяқ асты ету болып шықты. Батыстық ұғымдағы гуманизмге негізделген «азаттық», Батыс қоғамын ахлақи құндылықтарының құлдырауына алып келді [4].

Бұл деректер арқылы нені дәлелдегіміз келеді? Ендеше еркіндік, тәуелсіздік, бостандық микроконцептілерінен тұратын азаттық макроконцептісінің мазмұны өте үлкен. Тәуелсіздікті білдіретін азаттықтық концептісін  абсолютті түсінудің кереғар жақтары болатындығын да байқауға болады. «Азаттықтың» мазмұнын танытушы құрамдас компоненттердің бірі – «тәуелсіздік» микроконцептісі. «Тәуелсіздік» ұғымын философиялық қырынан талдаған философия ғылымдарының кандидаты Тимур Кішібековтың пікіріне сүйенсек, тәуелсіздік те еркіндіктен туындайды. Тәуелсіздік ол ешкімнен қаймықпау, ешкімге бағынышты болмау, ойыңа келген алғашқы ісіңе еркін кірісу, жалтақтамау. Бұл, әрине, табиғи құбылыс. Бірақ, XVIII ғасырдағы француз философтарының көшбасшысы Дени Дидроның пікірінше, еркіндік жансыз дүниеге де тән көрінеді. Оның пікірінше, әлемде қозғалмайтын зат жоқ. Бәрі де қозғалыста, егер кейбір қозғалмайтын зат болса, онда оны ұстап тұрған кедергі бар болғаны. Егер сол қозғалмай тұрған заттың кедергісін алып тастаса болды, ол қозғалысқа түседі деген болатын. Олай болса, сол қозғалыстың өзі де еркіндік көрінеді. Ал енді әлемде ешбір кедергісіз, абсолютті тәуелсіздік, еркіндік бар ма деген сұрақ туындайды. Абстрактілі түрде ондай тәуелсіздік болады деуге келеді. Бірақ, нақты өмірде мұндай, абсолюттік тәуелсіздік жоқ, болмайды да. Барлық тәуелсіздік нақты жағдайда, белгілі дәрежеде, қатынаста ғана кездеседі деп түсіну керек. Өмірде барлық іс-әрекет, құбылыс бір жағынан алсаң тәуелсіз, ал екінші жағынан тәуелді, кейде бағынышты болып келеді. Тәуелсіздікті абсолютті түсіну – ол өрескелдік, табиғатқа қарсы келу. Әлемде жаратушы Алладан басқа, абсолютті тәуелсіз ешнәрсе жоқ. Мейлі ол саналы не санасыз, жанды не жансыз болсын. Қалған дүниеде тәуелсіздік пен тәуелділік тығыз байланыста кездеседі. Сонда «тәуелсіз» дегеніміз не? Ол белгілі жағдайда тәуелсіздіктің жалпы алғанда тәуелділіктен басым болуы. Оны абсолютті деп түсіну – ол да тіршілікке қайшы. Ал енді түрлі жағдайда тәуелділіктің тәуелсіздіктен басым болған кездері де кездеседі. Мәселен, тұтқында отырған адам, бодандықта өмір сүрген ел – тәуелді. Торда ұсталған құс, байлаулы мал, зообақтағы аңдар – тәуелді, оларда еркіндік жоқ, сана да жоқ, бірақ сезім бар. Тұтқындықтан босаса болды, ұшып, еркін кетеді. Өйткені, еркіндік бәріне керек. Табиғи өмір, тіршілік заңы [5].

Бұдан шығатын қорытынды қоғамдағы жалпы жеке азамат тәуелсіздігі белгілі бір құқықтық, моральдық, этикалық нормалармен, құндылықтармен тығыз байланыста түсінілуі керек. Ал, біз зерттеп отырған жыраулар тіліндегі азаттық концептісі тұтастай бір елдің, этностың немесе ұлттың тағдырымен, тікелей басқа елге немесе ұлтқа тәуелділіктен, бұғаудан азат болумен, жоғарыда айтылған тәуелділіктің тәуелсіздіктен басым болған кездерімен байланысты.

Дүниеде бүкіл тірі жан, тіршілік иесі тәуелсіздікті іздейді, соған ұмтылады. Ол саналы да, санасыз да тіршілікке тән. Бұл түсінікті, өйткені әрбір тіршілік иесі бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Еркіндік, бостандық деген не? Ол тіршілікте ешқандай кедергінің, қыспақтың, болмауы, қыспақ кедергі жоқ жерде еркіндік бар. Әлемдегі барлық жан-жануар, құс-құтан бәрі де сол бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Өміріне тұрған ортасы қолайсыз болса, олар одан басқа жаққа орын ауыстырады. Ондай мүмкіндік жоқ болса, онда еркіндік те жоқ. Сонда тәуелсіздік, еркіндік деген не? Не істеймін, не жасаймын, қайда барамын деп басқа да ынталылыққа ешқандай кедергі болмаса, міне, сол еркіндік.

Өз алдына азат ұлт болу, мемлекет болу – жер бетіндегі кез-келген халықтың асыл мұраты. Ендеше, халықтың нәзік те жанды жері. «Азаттық» концептісінің болмысы ақын-жыраулар поэзиясында әртүрлі аспектіде, кейде балама немесе қарама-қарсы мағынадағы лексемалар арқылы да көрініс табады.

Қазтуған жыраудың өзінің ата қонысы Еділден кетуге  себеп сол аузы түкті кәп ірлердің қысымы,  азуының күштілігі. Жырау теңдік алуға сол баяғыдай Шыңғыстан туған хандар, мықтылар қайта келер деймісің деп сол кезді аңсағандай болады:

Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім,

Аузы түкті кәпірдің

Күшті болған салдары-ай!

Кәпірден теңдік алуға

Қайта келер деймісің

Мұсылманның баяғы

Шыңғыстан туған хандары-ай.

Бұл қоныстан кетпесең,

Атаңа нәлет кәпірдің

Пайдасына қалмаса игі еді,

Ноғайлы, қазақ жұртының

Кейінгі туған балдары-ай! [6.14]

деген жыр жолдарындағы «теңдік» лексемасы «азаттық» концептісінің құрамдас компоненті болуымен қатар, «азаттық» дегенге балама ретінде жұмсалып,  «қыспақтан құтылу», «бодандықта болмау» деген логикалық модельдерге негізделген.

Ш.Уәлиханов халық  ұғымындағы көшпенді философ деп атаған Асанның төніп келе жатқан қатерді еске салғаны жөнінде:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тамам болар.

Ол күнде қарындастан қайырым кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұлы-қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртың сонда не етер.   [7,199]

дейтін өлең жолдарынан «азаттыққа» антоним берілген «бодан» лексемасының мазмұнын ашу арқылы жырау санасында «азаттықтың» ел тағдырындағы өте құнды кезең, бақытты шақ екенін аңғара аламыз. Бұл жердегі «бодан», «бодан болудың» мазмұны ел басындағы ауыр, заман азған, балалардың қызықты дәурені тоқтаған, құлдық қамытын киген, шерлі, қайғылы кезең ретінде беріледі.

Сонымен, «азаттық» концептісінің тілдік моделі ретінде ақын-жыраулардың тіліндегі «азаттыққа» қатысты туындаған жыр-толғауларын жатқызуға болады. Себебі, ақын ойы мен оның тілі бүтін бір әлеуметтік топтың немесе ұлттың айтарын бір өзі айтатындығында. Тілдік қолданыстағы «азаттық» концептісін «бақыт» концептісіне сәйкестендіруге болады. Адам танымы мен тағдырында екеуі де адам баласы, түгелдей энос үнемі аңсайтын, өзіне қажет ететін, сол үшін қызмет ететін бірліктер. Сонымен қатар екеуі де өмірде бар абстракты дерексіз құбылыстар болғанымен, адам баласының басында «тұрақты» дүниелер емес. Осы жағынан келгенде екеуі бір-бірімен сәйкес келетін тұстары бар. Сондықтан да ақын-жыраулар өз толғаныстарында «азаттық» үшін күресіп, елдік, ерлік қасиеттерді қолданбаса айрылып қалатындығын барынша тілге тиек еткен. Осы тұрғыдан «азаттық» концептісінің  логикалық және когнитивтік моделіне оның «тұрақсыздығын»,  «өмірдің мамыражай кезеңдері», деген логикалық бірліктерді жатқызсақ, ал, тілдік моделіне нақыл сөздер мен, тұраты тіркестердің мағыналық мазмұнын жатқызуға болады. Мысалы, Азаттық таңы атты; Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман; Мұз құрсауды жарып шыққан азаттық, т.б. қазіргі кездегі даналық ойлардың тілдегі образды көрінісін «азаттық» концептісінің тілдік моделіне қатысады.

Ақын жырларында адами арман мен ерліктің биік мұраттары қабысып жатыр. «Азаттық» концептісінің логикалық модельдерінің бірі «мақсат-тілек», «арман» болып танылса, бұл ұғымдарды жыраулар поэзиясы мен философиялық түйіндемелерінен көптеп кездестіруге болады.

Дұшпаннан көрген қорлығым

Сары су болды жүрекке,

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке,

Жауға қарай аттандым

Жеткіз деп, құдай, тілекке!

Бұл өлең жолдарынан жаудан көрген қысымның қорлығы сонша «азаттықтың» қазақ исі үшін арманға айналғанын, «соған жетер күнді аңсау»,  «азаттық жолында ерлікке шақыру» идеялар мен әрекеттер көрініс тапқан. Осы тұстарда «Азаттық» концептісінің жалпы қазақ танымында «арман» лексемасы мазмұнымен ұштасып жатады деп нақ айта аламыз.

Жыраулар поэзиясында «Азаттық» концептісінің семантикалық мазмұны  ұрпаққа өсиет, тағдырлас, замандастарға ескерту, ел қорғаған батырларға рух беру ретінде жырға арқау болады. Жоғарыда көрсетілген өлең мәтіндері арқылы «азаттық» концептісінің ақын-жыраулар поэзиясындағы көрінісі мен этностың танымдық әлемінде «құнды құбылыс», «бейбіт кезең», «тұрақсыз мезгіл» т.б. секілді логикалық модельдер аясына шоғырланғандығын көруге болады.

«Азаттық» концептісі – философиялық маңызды категориялардың бірі, күрделі ментальды объект. Сондықтан ол санада сан түрлі ақпараттармен репрезентацияланады. Бүкіл халықтың өміріндегі саяси, тарихи, әртүрлі жағдайлар қосындысының көрінісі ретінде қолданылады. Жоғарыдағы талдауымыз да оның ауқымдылығын, маңыздылығын, әмбебаптығын көрсете алды деп ойлаймыз. ХV-ХІХ ғасырлар ақын-жырауларының поэзиясына ден қойып, азаттық концептісін шығарма тілі арқылы зерделеу – бүгінгі ұрпаққа мұра боларлық тілді, ұлтты терең танып, білуге игі ықпал ететін қажет дүние.


Библиографический список
  1. Кубрякова Е.С. Краткий словарь когнитивных терминов. – М.: Изд-во: Филол. ф-т МГУ имени М.В.Ломоносова,1997. – 245 с.
  2. Оразалиева Э.Н. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы.  Ғылыми монография. – Алматы: Ан Арыс, 2007. – 312 б.
  3. Азаттық. http://kk.wikipedia.org/wiki/ Азаттық.
  4. Ислам революциясының қазіргі жетекшісінің азаттық жайлы көзқарасы. http://kazakh.irib.ir/2010-11-11-08-27-20/item/13113-دیدگاه-مقام-معظم-رهبری-درباره-مفهوم-آزادی
  5. Тәуелсіздік туралы философиялық ойлар. http://www.abai.kz/node/9759 %202013
  6. Нар заман мен зар заман поэзиясы. – Алматы. – «Реритрат». – 2002.
  7. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы. – 1991.
  8. Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. Т.1., Алматы. – «Жазушы». – 1989.


Все статьи автора «Ныязбекова Куланда Сарсенкуловна»


© Если вы обнаружили нарушение авторских или смежных прав, пожалуйста, незамедлительно сообщите нам об этом по электронной почте или через форму обратной связи.

Связь с автором (комментарии/рецензии к статье)

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться, чтобы оставить комментарий.

Если Вы еще не зарегистрированы на сайте, то Вам необходимо зарегистрироваться: